SocialБасты

Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтіндердің саны 2 есе азайды

Дағдарыстан қалпына келу кезеңінде Қазақстанның еңбек нарығы пандемияға дейінгі көрсеткіштерге оралуда, бірақ кейбір құрылымдық өзгерістер бар. 3-тоқсанда қашықтан жұмыс істейтіндер саны айтарлықтай төмендеді: өткен тоқсанмен салыстырғанда олардың саны 75 мыңнан 41 мың адамға дейін азайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

«Шектеу шараларын жеңілдете отырып, қызмет көрсету, соның ішінде ақпарат және байланыс, сауда және денсаулық сақтау салаларындағы жұмыспен қамту көлемі артты. Сонымен қатар, жұмыспен қамту құрылымы өзін жұмыспен қамтуды ұлғайту жағына қарай өзгеруде, бұл көбінесе өнімсіз болып келеді», – деп хабарлады «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Александра Молчановская.

Қашықтан істейтін жұмысшылардың күрт төмендеуі жұмысшылардың дәстүрлі жұмыс сипатына оралуымен байланысты, бұл ретте қашықтан істейтін жұмысшылардың басым көпшілігі әйелдер, ер адамдар тек 36,5% болып отыр.

Сондай-ақ, ауылда қашықтан жұмыспен қамтудың қысқаруы (36%-дан 18%-ға дейін) және қалалық жерлерде қашықтан жұмыс істейтіндердің баламалы өсуі байқалады. Сонымен қатар, жұмысшылардың 93%-ы өздерінің байланыс құралдарын пайдаланса, жұмыс берушілер 7%-ын ғана қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.

«Өткен тоқсанмен салыстырғанда, ағымдағы жылдың 3-тоқсанында жұмыс күшінің саны 7,2 мың адамға немесе 0,1%-ға өсті және 9,3 млн құрады. Егер өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырсақ, жұмыс күшінің 95,7 мың адамға немесе 1%-ға өсуін атап өтуге болады», – деп атап өтті сарапшы.

Бұл ретте тоқсандық, сол сияқты жылдық серпінде жұмыспен қамтудың негізгі өсімі өзін жұмыспен қамтығандар санының артуына байланысты болуда. Тоқсан ішінде олардың саны 1,1%-ға өсті (+23,3 мың). Жалдамалы қызметкерлердің саны керісінше 0,2%-ға (+15,4 мың) қысқарды. Жылдық серпінде өзін жұмыспен қамтығандардың абсолюттік өсімі (+67,6 мың адам) жалдамалы жұмысшылардың өсімінен екі еседен астам асып түсті (+32,1 мың адам).

Бұдан басқа, тоқсандық кезеңде өзін жұмыспен қамтыған халықтың өсуі өнімсіз өзін жұмыспен қамтудың 19%-ға немесе 29,3 мың адамға ұлғаюы есебінен болды, ал өнімді жақ 0,3%-ға немесе 6,1 мың адамға қысқарды.

«Өз кезегінде, егер бір жылдық кезеңді салыстыратын болсақ, өнімсіз өзін жұмыспен қамтығандардың қысқаруы кезінде өнімді өзін жұмыспен қамтығандардың айтарлықтай өсуін атап өтуге болады. Біріншісінің саны 110,5 мың адамға (6%) артса, екіншісінің саны 42,9 мың адамға (19%) азайды. Яғни, соңғы 12 айда өзін жұмыспен қамтығандардың табыс деңгейі артып келеді», – деп атап өтті Александра Молчановская.

Сонымен қатар, уақытша жұмыспен қамтылмау ағымдағы жылдың 2-тоқсанымен салыстырғанда 44%-ға немесе 59,6 мың адамға артты, бұл бұрынғыдай шектеу шараларына байланысты емес, көбінесе маусымдық ауытқуларға байланысты. Осылайша, жұмыссыздардың саны негізінен «демалушылар» есебінен толықтырылды, олардың саны 3-тоқсанда 4,3 есе өсті. Сонымен қатар, жұмыс берушінің бастамасы бойынша уақытша жұмыспен қамтылмағандардың саны бір тоқсанда 28%-ға және бір жылдық кезеңде 97%-ға қысқарды.

«Сондай-ақ, 3-тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыссыздар саны айтарлықтай азайды. Егер өткен тоқсанмен салыстырғанда азаю бар болғаны 606 адамды құраса, өткен жылдың 3-тоқсанымен салыстырғанда олардың саны 4 мыңға жуық адамға қысқарды. Бірақ жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 4,9% деңгейінде сақталды және соңғы төрт тоқсан ішінде осындай болып қалуда. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі де айтарлықтай өзгеріссіз қалды –  3,7%», – деді сарапшы.

Өңірлер бөлінісінде жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі Қарағанды облысында және Нұр-Сұлтан қаласында (4,6%-дан) сақталуда. Жұмыссыздық республикалық деңгейден жоғары Түркістан облысында (5,1%), сондай-ақ Алматы (5,1%) және Шымкент (5%) қалаларында тіркелген.

«Жұмыспен қамту органдарында есепте тұрған жұмыссыздар саны қараша айының басында 193,5 мың адамды құрады, яғни жыл басынан бері бұл көрсеткіш 51,7 мың адамға өсті, жалпы республика бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2,1%-ға тең, ең жоғарысы – Түркістан (4,2%), Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында (3,9%-дан)», – деді Александра Молчановская.

Сонымен қатар, салалар бойынша жұмыспен қамтуда түбегейлі өзгерістер болған жоқ. Жұмыспен қамтылғандардың жартысынан көбі (55%) сауда, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіпте жұмыс істейді. Сонымен қатар, жұмыспен қамтудың қызмет көрсету секторына ауысу үрдісі жалғасуда. Осылайша, есептік тоқсанда жұмыспен қамтылғандар санының ең көп өсуі ақпарат және байланыс (+4,4%), тұру және тамақтану бойынша қызметтер (+2,5%) және жылжымайтын мүлікпен операциялар (+2,1%), құрылыс (+1,6%) және денсаулық сақтау (+1,4%) салаларында тіркелді. Сонымен қатар, жұмыспен қамтудың ең көп қысқаруының бірі өнер және ойын-сауық саласында байқалады, ол тоқсан ішінде 3,4% және жыл ішінде 4% төмендеді. Яғни, сала шектеу шараларының әсерінен әлі қалпына келмеді.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша еңбекақы төлеуге келетін болсақ, осы жылдың 3-тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы 243,7 мың теңгені құрап, тоқсан ішінде абсолюттік мәнде 8 мыңға жуық теңгеге қысқарды. Бұл ретте Атырау (+5,2%), Қостанай (+3,2%) және Батыс Қазақстан (+2%) облыстарынан басқа барлық өңірлерде төмендеу орын алды.

Салалар бөлінісінде ең көп жалақы білім беру саласының қызметкерлері үшін (51,8 мың теңгеге немесе 22%-ға) қысқарып, 182,1 мың теңгені құрады. Маусымдық өзгерістер ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне де әсер етті, олар үшін орташа айлық жалақы, керісінше, 15%-ға өсті және далалық жұмыстардың жазғы-күзгі кезеңінде 167,5 мың теңгеге тең болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button