Ауыл шаруашылығы министірлігі ауыл шаруашылығына банктік кредит беруді ынталандыру мақсатында операторы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ болып табылатын екінші деңгейдегі банктердің несиелеріне кепілдік беру құралын іске асырады. Аталған құрал банк несиелеріне ішінара кепілдік беру арқылы саланы қаржыландырудың тартымдылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Екінші деңгейдегі банктердің несие беруі арқылы инвестициялық жобаларды іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлап отырған АӨК субъектілері кепілдік беруге қатысушылар болады.
Кепілдендіруге инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға берілетін несиелер жатады. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі 17%-дан аспауы тиіс. Бір қарыз алушыға кепілдендіруге жататын несие сомасы – 5,0 млрд. теңгеден көп емес, ал несие мерзімі – 10 жылдан аспайды.
Кепілдік мөлшері несие сомасының 50%-ын құрайды. Жобаны пайдалануға бергенге дейін басым инвестициялық жобалар бойынша кепілдік мөлшері несие сомасының 85%-ын құрайды, пайдалануға берілгеннен кейін 50%-ға дейін төмендейді.
Кепілдік несие мерзімінен аспайтын мерзімге беріледі, комиссия мөлшері оның мөлшерінің 30%-ын құрайды, оның 29,9%-ын жергілікті атқарушы органдар төлейді, 0,1%-ын кәсіпкер кепілдік шартын жасасқанға дейін төлейді.
Ағымдағы жылғы 10 қарашада АӨК субъектілерін қаржыландырумен қамтуды ұлғайту үшін осы бағдарламаға өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, басым инвестициялық жобалардың тізбесі кеңейтілді. Бүгінгі таңда мынадай басым бағыттар айқындалды: тауарлық сүт фермалары, құстарды ет үшін өсіру, қарқынды бақ шаруашылығы, жылыжайлар, қант қызылшасын өсіру және қызылша қант өндірісі, жарма өндірісі, жемістер мен көкөністерді өңдеу, өсімдік майын және тоң-май өнімдері өндірісі, картоп және (немесе) көкөніс өнімдерін (асханалық сәбіз, басты пияз, қырыққабат) өсіру, құс шаруашылығында асыл тұқымды репродуктор салу.
Портфельдік кепілдендірудің жаңа тетігі енгізілді, ол белгіленген лимит шеңберінде қарыз алушыларға кепілдіктер беру нысаны болып табылады. Бұл құрал кәсіпкерлерге несие бойынша кепілдік қамтамасыз ету жетіспеген жағдайда кепілдік алуды едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді, осылайша кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау құралдарымен қамтуды ұлғайтады.
Сонымен қатар, шағымдану рәсімдері Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес келтірілген.