SocialБасты

Ulttyq ónim-2025: Отандық кәсіпорындар жетістігі мен серіктестіктің жаңа көкжиегі

В столице проходит VIII ежегодная выставка отечественных производителей Ulttyq ónim-2025 — одно из ключевых событий в сфере поддержки и развития казахстанского предпринимательства

Елордада отандық өндірушілердің жыл сайынғы Ulttyq ónim-2025 VIII көрмесі өтуде — бұл қазақстандық кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі

2025 жылғы 16-18 мамыр аралығында EXPO Халықаралық көрме орталығы еліміздің барлық өңірлерінен келген кәсіпорындардың жетістіктерін көрсету алаңына айналды. Биыл көрмеге 350 компания қатысып отыр. Олар тамақ және жеңіл өнеркәсіптен бастап, машина жасау, химия, құрал-жабдықтар мен зергерлік бұйымдар өндірісіне дейінгі түрлі салалар бойынша өнімдерін ұсынуда. Келушілер ұсынылған өнімдермен танысып қана қоймай, оларды тікелей өндірушілерден сатып алу мүмкіндігіне ие, бұл өз кезегінде ұлттық өнімді ілгерілетудің тиімді құралына айналуда.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы Рустам Қарағойшин сөз сөйледі.

«Ulttyq ónim сегізінші көрмесі – отандық кәсіпкерлікті дамытудың ең жақсы дәлелі мен көрінісі. Өндірушілер еліміздің ішкі нарығындағы ұстанымын нығайтып, экспортқа шығуда. Шетелде танымал брендке айналып жатыр. Ал шағын және орта бизнесті мемлекеттің қолдауы тек күшейе бермек. Биыл экономиканың нақты секторын жедел дамытуға бет бұрдық. Мемлекет ақпараттық технология, логистика, туризмге, тамақ өнімін, құрылыс материалын өндіруге, машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі сияқты басым салалардағы ШОБ инвестициялық жобаларына ашық тапсырыс жариялады. Бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетіледі», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы өз құттықтау сөзінде бизнесті жүйелі түрде мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Отандық өндірісті қолдау – «Бәйтерек» холдингінің стратегиялық басымдығы. Біз қазақстандық бизнестің ұлттық экономиканың тірегі, инновациялар мен жұмыспен қамту көзі екеніне сенімдіміз. Бұл көрме – қазақстандық өндірушілердің ел дамуындағы басты рөлін мойындау. Біз олардың тұрақты өсуіне және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға жағдай жасай отырып, үнемі жанында болуға тырысамыз», – деді Рустам Қарағойшин.

Ulttyq ónim-2025 көрмесінің іскерлік бағдарламасындағы маңызды оқиғалардың бірі — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастыруымен өткен «ШОБ-ты мемлекеттік қолдау шараларындағы банктердің рөлі» атты панельдік сессия болды. Сессия аясында шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау тетіктері, банктер мен мемлекеттік институттар арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейту перспективалары талқыланды.

Сессия спикерлері қатарында мемлекеттік органдардың басшылары, банктердің топ менеджерлері, бизнесмендер мен халықаралық сарапшылар болды.

Талқылау мемлекет, банк секторы және даму институттарының үйлесімді жұмысының маңыздылығын растады. Мұндай тетіктердің тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденеді: 2024 жылы ел Үкіметі Ұлттық экономика министрлігінің және «Бәйтерек» холдингінің белсенді қатысуымен субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы бизнесті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыруға 336 млрд теңге бөлді. 29,5 мың жоба жалпы несие сомасы 1,7 трлн теңгеге мемлекеттен қолдау алды. Оның ішінде жеңілдікпен  254 млрд теңге несие алған 2,7 мың жоба да бар. Бұл шаралар 9,7 мың жұмыс орнын құруға, 25,4 трлн теңге сомасына өнім шығаруға және 1,7 трлн теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде ШОБ секторында жұмыспен қамтылғандар үлесі 2024 жылы халық санының 48%-на жетті, ал елдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі шамамен 40% болды.

Көрмеде іскерлік әрі мазмұнды атмосфера қалыптасты. Павильондарда таныстырылымдар, келіссөздер және пікір алмасулар белсенді өтіп жатыр. Қатысушылар қатарында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылымына кіретін даму институттарының — атап айтқанда, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ және BGlobal Ventures венчурлік компаниясының қолдауымен жобаларын жүзеге асырып жатқан кәсіпорындар да бар.

Мемлекеттік институттармен тиімді ынтымақтастықтың жарқын мысалы – Қызылорда облысындағы «Агрохимсервис-С» ЖШС.

«Біздің компания 2000 жылы құрылған. Негізгі қызмет бағыты – минералдық тыңайтқыштар, атап айтқанда ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған аммоний сульфатын өндіру. 2021 жылы «Даму» қоры мен «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының қолдауымен түйіршіктелген аммоний сульфатын өндіретін зауытты іске қостық. Бұл – Қазақстандағы жалғыз және ТМД бойынша үшінші зауыт. Жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылды, – деді «Агрохимсервис-С» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Александр Ким.

Мұндай іс-шаралар қазақстандық өнімдерді насихаттап қана қоймай, бизнес, мемлекет және қаржы институттары арасындағы берік байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік экономикалық саясатты іске асырудың негізгі құралы ретінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі кәсіпкерлер үшін сенімді серіктес әрі отандық экономиканың тұрақты өсу процесінің маңызды қатысушысы болып қала береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button