SocialБасты

1,4 милионнан артық зерттеу: Санитариялық-эпимедиологиялық сараптама орталығы Қазақстанды қалай қауіпсіз етеді

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы 2024 жылды елеулі жетістіктермен қорытындылады. Осы жылдың басты нәтижелері қатарында: жаңа жоғары технологиялық жабдықпен жабдықталған кешеннің іске қосылуы, алты жаңа зертхананың ашылуы, биологиялық қауіпсіздік саласындағы референс-зертхана мәртебесінің алынуы, халықаралық тренинг орталығы мен «KazToxBase» токсикологиялық ақпараттық орталығының құрылуы бар.

2024 жылы Орталық Қазақстандағы алғашқы биологиялық қауіпсіздік бойынша референс-зертхана мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Халықаралық аккредитациядан өткен Орталықтың зерттеу нәтижелері ILAC (Халықаралық зертханалық аккредитация қауымдастығы) жүйесіне мүше 112 елде мойындалады. Жаңа әдістемелерді енгізу, заманауи жабдықтарды пайдалану және персоналдың кәсіби даярлығының арқасында 1 453 028 зерттеу жүргізілді. Бұл қазақстандық кәсіпкерлерге өнімдерінің қауіпсіздігін халықаралық деңгейде растауға мүмкіндік беріп, еліміздің экономикалық дамуына да ықпал етуде.

Елімізде алғаш рет диоксиндер мен полихлорланған бифенилдерді (ПХБ) анықтайтын талдаулар жасауға мамандандырылған зертхана ашылды. Бұл зертхана экологиялық ахуалды бағалауға және халық денсаулығына қауіп төндіретін факторларды анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулер еліміздің экожүйесіне токсикалық әсерлердің алдын алуда  маңызы зор.

Тағы бір жетістік – халықаралық тренинг орталығының және «KazToxBase» токсикологиялық ақпараттық орталығының ашылуы. Еуропалық комиссияның қолдауымен іске асырылған «KazToxBase» токсикологиялық ақпараттық орталығы – санитариялық дәрігерлер, токсикологтар, экологтар және бизнес өкілдері үшін бірегей тәжірибе алмасу алаңына айналды. Орталық химиялық улануларды диагностикалау мен емдеуді жақсарту, озық әлемдік тәжірибелерді енгізуге жол ашатын TOXBASE халықаралық дерекқорына қолжетімділік береді. Орталық халықаралық стандарттар бойынша 26 оқыту бағдарламасын әзірлеп, мамандардың біліктілігін арттыруға және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін озық технологияларды енгізуге қолдау көрсетіп келеді.

Кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары да табысты жүзеге асырылуда. 270 маман арнайы оқытудан өтті, тәлімгерлік институты жетілдірілді. Сонымен қатар, Таиланд, Болгария және Ұлыбританияда 93 маман халықаралық зертханалық стандарттар бойынша білімін жетілдірді.

2025 жылы Орталық негізгі төрт бағытты: халықаралық провайдер мәртебесін алу үшін зертханалық қызметтерді дамыту, инновациялық әдістерді енгізу мен зерттеулер номенклатурасын кеңейту, зертханалық қызмет мамандарының біліктілігін арттыруға арналған жаңа оқыту бағдарламаларын әзірлеу және маркетингтік стратегияны жетілдіру бағыттарын қамтитын жобаларды іске асыруды жосапарлап отыр.

Орталықтың басты миссиясы  – Қазақстан халқының денсаулығын қорғау, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту.

Басқа жаңалықтар

Back to top button