Білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камералары полиция органдарының жүйесіне тікелей қосылады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр. Бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына қосу бойынша техникалық көмек көрсетілді. Қаражатты үнемдеу мақсатында Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың бірыңғай желісі бойынша байланыс арналарын ұйымдастыру мәселелесі пысықталу үстінде. Күзет мекемелерімен шарттар жасасуды жеделдету үшін Оқу-ағарту министрлігіне талаптарға сәйкес келетін ұйымдардың тізімі берілді», – деді Марат Қожаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, балалар мен мұғалімдерге төтенше жағдайлар кезінде (өрт, жер сілкінісі, су тасқыны, теракт және т.б) әрекет ету практикасы үйретіледі.
«Сонымен қатар балалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдарға кемшіліктерді жою мәселесі де тұр. Мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелермен жабдықтауды және бейнебақылау камераларын полиция органдарына тікелей қосуды тез арада аяқтау қажет», – дейді ол.