SocialБасты

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек»- Мәулен Әшімбаев

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қарау барысында сенаторларға бизнес құрылымдардан, жұртшылықтан және сарапшылардан көптеген өтініш келгенін айтты.Бұл тұрғыда электр самокаттарды пайдалану тәртібіне қатысты біраз сұрақ қойылған болатын.

«Бұл жағдайда бізге шешім қабылдау өте күрделі болды. Біз заңды тағы бір рет саралап, қарау үшін Мәжіліске қайтарғымыз да келді. Бірақ ақылдасу мен жан-жақты талқылаудың нәтижесінде құқықтық тұрғыдан қолданылу мәселесін қарау керек деген пікірге келдік. Ол қалай жұмыс істейді? Жолдағы адамдардың өміріне қауіп төндірмей ме? Ең алдымен, самокатшылардың өздеріне қауіпті емес пе?», – деді М. Әшімбаев.

Сенат Төрағасы бүгін заңды Палата мақұлдаса да алдағы жарты жыл ішінде заңның құқық қолдану тәжірибесіне ерекше назар аударылатынын айта келіп, мәселеге қайта оралу қажет болатынын атап өтті.

«Мен осы мәселе бойынша азаматтарға, мүдделі ұйымдарға қарата айтып отырмын. Біздің есігіміз әр уақытта ашық. Біз Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге құқық қолдану жағдайын қарастырамыз және қажет болған жағдайда, бұл заңды түзетуге тура келеді. Ішкі істер министрлігі өз кезегінде жолда самокат жүргізетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін жасауы керек. Бұл аса маңызды мәселе. Тұтастай алғанда, біздің пікіріміз – осы нормаларды қолдануға мүмкіндік беру керек және ұзаққа созбай бұл заңға қайта оралған жөн», – деді Сенат спикері.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев жеке адамдардың меншігіндегі самокаттардың жылдамдығын бақылау мүмкін болмай тұрғанын айтты.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.

«Электрондық самокат» ұғымы енгізіліп, ол ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін тиісті орындар айқындалды.

Атап айтқанда, Заңмен енгізілген шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электр самокаттардың жүруіне рұқсат етіледі. Бұл тұрғыда жүргізушінің 18 жасқа толуы, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі мен шлемнің болуы, ал тәуліктің қараңғы уақытында қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін тиісті жарық түсіретін белгілерді тағу ескерілген.

Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат етіледі. Шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button