PoliticsБасты

ИИДМ басшысы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша заң жобасын ұсынды

Парламент Сенатының пленарлық отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды ҚР ИИДМ-нің баспасөз қызметі.

Ведомство басшысы аталған заң жобасын қабылдау энергия сыйымдылығын төмендетуге, елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және көмірсутек ресурстарының жаңа түрлерін өндіруді дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Жоба Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын жүзеге асыру аясында кәсіпорындардың энергия тиімділігі бойынша талаптарды күшейту, сондай-ақ Президенттің Алматы қаласындағы екінші жылу электр орталығын көмірден газға ауыстыруды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Сонымен қатар, Алматы қаласы мәслихаты мен әкімдігінің сәулет-қала құрылысы қызметі саласындағы құзыретін кеңейту ұсынылады. Осы ретте бүгінгі таңда станцияларды көмірден газға ауыстыруға бағытталған іс-шаралар бойынша инвестицияларды қайтару тетігі жоқ екенін атап өткен жөн.

Заң жобасында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге, сондай-ақ баламалы отын түрі ретінде газды пайдалана отырып, генерациялайтын қондырғыларды сала отырып, жаңғырту, реконструкциялау және (немесе) кеңейтуге инвестицияларды қайтару тетігін енгізуге бағытталған түзетулер көзделеді.

Осылайша, ірі кәсіпорындарда энергия үнемдеу бойынша жауапты тұлғаларды бекіту ұсынылады. Сонымен бірге аталған заң жобасы энергия аудиторларына кандидаттарды аттестаттау жөніндегі функцияларды персоналдың сәйкестігін растау жөніндегі органдарға беруді көздейді. Бұл шаралар сала сарапшыларының кәсіби деңгейі мен жүргізілетін энергия аудиттерінің сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Жекелеген түзетулер мемлекеттік шекара арқылы шекара бөлімдері және автомобиль өткізу пункттерінің ғимараттары мен құрылыстарын салуға қатысты болып табылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button