EducationБасты

2022 жылы Қазақстандағы гранттар саны 31 мыңға көбейді — ҚР БҒМ

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында экономика салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, Хромтау тау-кен техникалық колледжінің директоры Бағдашжан Молдашева және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

А. Аймағамбетовтің айтуынша, сапалы кадрларды даярлау мемлекеттік ұйымдар, оқу орындары және жұмыс берушілердің бірлескен, әрі жүйелі жұмысына тікелей байланысты.

«Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандай және қанша маман керек, олардың құзыреттіліктері қандай болуы тиіс, маман не білуі керек және оның құзыреттілігін қалай дәлелдейміз деген сұраққа жауап берсе, біздің Министрлік осы қажетті әрі күтілетін дағдыларды нақты оқу бағдарламаларына енгізуін, мемлекеттік тапсырыс беріп, нақты оқытуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ “Атамекен” палатасы және жұмыс берушілер кадрға тапсырыс беріп, кәсіби стандарттарды белгілеп, дайын маманның біліктілігін анықтап, бағдармаларды жасасып осы жұмысқа атсалысуы тиіс. Жергілікті әкіміктердің де осы жұмыстағы орны ерекше», — деп түсіндірді білім және ғылым министрі.

Орташа есеппен алғанда жыл сайын студенттердің 300 мыңы жұмыс нарығына шығады.

Сапалы кадр дайындау үшін жұмыс басты 6 бағыт бойынша жүріп жатыр:

  • білімге қолжетімділікті кеңейту;
  • академиялық еркіндікті қеңейту және менеджментті жетілдіру;
  • білім беру бағдарламаларын жаңартып, жаңа бағдарламалар ашу;
  • жұмыс берушілерді кадрларды даярлауға тарту;
  • жоғары оқу орындары мен колледждердің әлеуетін арттыру;  сапаны қамтамасыз ету жүйесін жақсарту.

Соңғы бірнеше жыл ішінде гранттар саны екі есе көбейді. Биыл ең көп — 73 мың грант қарастырылды. Студенттердің стипендиясы да екі есеге артты.

«Біз Ұлттық бірыңғай тестілеуді цифрлы форматқа көшірдік және жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігін енгіздік. Сонымен қатар 11-сынып бітірушілері енді қаңтардан бастап оқуға түсе алады. Бірақ талап та күшейтілді. Педагогикалық бағыттар бойынша шекті балл 75 баллға дейін, медициналық бағыттар бойынша 70 және заң бағыты бойынша 75-ке дейін көтерілді. Президенттің тапсырмасы бойынша техникалық мамандықтарға грант үлесі 40%-дан 60%-ға дейін көбейтілді», — деп мәлімдеді білім және ғылым министрі.

Колледждерге келер болсақ, оқу гранттарының саны жыл сайын қөбейуде. Биыл олардың саны рекордық 31 мыңға өсіп отыр, оның 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі.

«Колледждерге оқуға қолжетімділікті кеңейту үшін емтиханды алып тастадық. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнайы квота енгізілді. Ал гранттар талапкердің өзі таңдаған колледеджге берілетін болды, сәйкесінше олардың бәсекелестігі де артады. Ең басты мәселе — берілген білімнің нарықтың талабына сәйкес болуы. Ол үшін не керек? Басты шарты — академиялық дербестік. Сапа осы мәселеге байланысты», — деді білім және ғылым минстрі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button