Көрші елдің нарығынан кетуі мүмкін маркалар көбейіп келеді.
Ресей автонарығы бірнеше брендтен айырылды. Наурыз басталысымен Ford осы елдегі қызметін тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды kolesa.kz.
— Қазіргі жағдайға байланысты біз серіктестерімізге осы сәттен бастап келесі хабарлама келгенге дейін Ресейдегі қызметімізді тоқтататынымызды ескерттік, — деп жазылған ресми хабарда.
Айта кетерлігі, компания бірнеше жылдан бері Ресейдегі өндіріс ауқымын тарылтып келеді, соңғы кезде Ford мұнда тек комммерциялық техника шығарумен айналысты.
Ford артынан BMW да осыған ұқсас мәлімдеме жасады. Автоөндіруші елге дайын көліктерін жібермейді және «Автотор» зауытында машина құрастырмайды.
— Біз Украинадағы жағдайды бақылап отырмыз. Қазіргі геосаяси ахуалға байланысты Ресейге автомобиль жеткізу мен көлік өндіруді доғару жөнінде шешім қабылдадық, — деді BMW-ның ресми өкілі.
Harley-Davidson бренді де осы қатарға қосылып, General Motors, Volvo және Volkswagen AG концерндерінен құралған тізімді толықтырды. Reuters таратқан ақпаратқа сүйенсек, компания басшылары геосаяси дағдарыс пен экономикалық санкцияларға байланысты Ресейдегі өндіріс пен елге көлік жеткзуді тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазір марканың жергілікті мекемелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.