EcoБасты

Жаңа Экологиялық кодекстің маңызды баптарының бірі – қолжетімді озық технологияларды енгізу

Теміртау – Қазақстанның ірі өнеркәсіптік қалаларының бірі. Өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін кәсіпорындарда ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарын енгізу қажет. Осы кеңес аясында Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының негізгі баптары талқыланды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Өнеркәсіптің ОҚТ қағидаттарына көшуі үшін ОҚТ бойынша анықтамалықтарды әзірлеу қажет, негізі ластағыштар – ТОП-50 деп аталатын өнеркәсіптік кәсіпорындардың кешенді технологиялық аудитінің нәтижелері болып табылады.

ОҚТ анықтамалығы негізгі құжаттардың бірі болып табылады, оның мақсаты ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізу және белгілі бір сала үшін тиісті сапа стандарттарын белгілеу болып табылады.

Бұл стандартты «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КеАҚ әзірлейді.

Отырыста аталған орталықтың өкілі Серік Нұркенов кешенді техникалық аудиттің мақсаты не және ол елімізде қалай жүргізілетіні туралы айтып берді. «Аудиттің мақсаты – кәсіпорындардың қазіргі технологиялық жағдайын, сондай-ақ қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсердің алдын-алуға және азайтуға бағытталған кәсіпорындарда қолданылатын ең жақсы тәжірибені ОҚТ қағидаттарына сәйкес бағалау», деп түсіндірді ол.

50 кәсіпорын халықаралық және ұлттық сарапшылар тобының келуі арқылы тексеріледі. Бүгінгі күннің өзінде 18 кәсіпорында көшпелі аудит аяқталды, оның ішінде: цемент саласының 5 кәсіпорны (2020); химия саласының 1 кәсіпорны (2020); 3 МӨЗ (2020 жылдың 1 тоқсаны); энергетика саласының 9 кәсіпорны (2019). Әлі баратын 32 компания бар.

Сондай-ақ, іс-шараға Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов та қатысты. Өз сөзінде ол жаңа Экологиялық кодексте табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеуден гөрі қоршаған ортаға теріс әсер етуді болдырмау үшін тиімді шаралар қарастырылатынын атап өтті. Экологиялық кодекстің маңызды баптарының бірі – ең озық қолжетімді техникаларды енгізу.

«Егер кәсіпорындар ОҚТ-ға ауыспаса, онда эмиссиялар үшін төлем ставкалары өседі: 2025 жылдан бастап олар 2 есе, 2028 жылдан бастап 4 есе және 2031 жылдан бастап 8 есе өседі».

ОҚT енгізуде мысалы ретінде ластаушы заттар шығарындыларының мөлшері айтарлықтай азайтылған Еуропа елдерінің тәжірибесі сеп болды: азот оксидтері (NO2) – 69%, күкірт оксидтері (SO2) – 94%, ал шаң/қатты бөлшектер – 94%.

Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеті жоқ. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар келіп түсетін қаражаттың 45%-ын ғана оршаған ортаны қорғауға бөлді. Осыған байланысты ілеспе заң жобасында жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғау қызметін келіп түскен экологиялық төлемдер есебінен 100% мөлшерінде қаржыландыруға міндетті екендігі көрсетілген.

«Қарағанды облысында 2019 жылы қоршаған ортаға эмиссия үшін бюджетке түсетін түсімдер шамамен 16,7 млрд.теңгені құрады, 2020 жылы да осындай. Жаңа Кодекске сәйкес, 2022 жылдан бастап аталған соманы жергілікті атқарушы органдар өңірдің табиғатты қорғау шараларына жұмсауға тиіс», – деп толықтырды вице-министр.

ОҚТ қағидаттары 10 жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізілуі тиіс. Серік Нұркеновтің айтуынша, ОҚТ – бұл уақытпен реттелетін, өнеркәсіптік және экологиялық саясаттың синергиясына, сондай-ақ экономикалық тиімділіктің артуына және қоршаған ортаға теріс әсердің төмендеуіне әкелетін оңтайлы процесс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button