Үкіметте туризм саласын дамыту мәселелері талқыланды

Үкіметте Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы – «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» аясында туризмді дамыту жұмыстарының өзектендірілуі қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің өкілдерімен кеңес өткізді. Кездесу барысында туризм мәселелері және туристік аймақтардың жағдайы бойынша Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру туралы есептер тыңдалды. Сонымен қатар елдің негізгі туристік дестинацияларына жасалған іс сапарлардың нәтижелері ұсынылды.
Ермек Көшербаев қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін атап өтіп, инфрақұрылымды дамыту мен туристік нысандардағы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жұмыстарын жеделдетудің маңыздылығын ерекше көрсетті. Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларын ескере отырып, алдағы жазғы маусымға курорттық аймақтарды даярлауға баса назар аударылды.
«Туризмді дамыту – бұл тек қана экономикалық үлес емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтудың, инвестициялық тартымдылығын арттырудың және өңірлерді дамытудың маңызды факторы. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін заманауи инфрақұрылым салумен қатар, әлемдік озық тәжірибелерге сәйкес келетін жоғары сервис стандарттарын қалыптастыру қажет», – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Үкімет туризмді ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырады. Маңызды шарт ретінде шағын және орта бизнестің белсенді қатысуы, сондай-ақ отандық және шетелдік туристерге қызмет көрсету ісіне халықтың кең ауқымын тарту қажеттілігі аталды.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға курорттық аймақтардың абаттандыру стандарттарын және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шетелдік қонақтар үшін паспорттық бақылау рәсімдерін жеңілдету, сұранысқа ие әуе бағыттарына халықаралық лоукостерлерді тарту, сондай-ақ туристік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар басқа да шаралар жүзеге асыру тапсырылды.