AgroБасты

Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тұрақты әрі оңтайлы болады – Сапархан Омаров

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттары мен АӨК-дегі жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру туралы айтты.

Ауыл шаруашылығы министрі 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның АӨК-дегі барлық макрокөрсеткіштерде өсімнің оң серпіні байқалатынын атап өтті.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең жоғары өсім көрсеткіші.

Айта кету керек, азық-түлік өндірісі 4%-ға өсті.

Министрдің айтуынша, саланы одан әрі дамыту үшін басым міндеттер айқындалды:

– ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толықтыруды 80%-дан асыру;

– 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты түрде арттыру; 

– еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру; 

– қайта өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту.

Ішкі нарықты қазақстандық өндірістің азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі міндетті шешу үшін Министрлік импортты қысқарту позицияларын айқындады. Бұл – құс еті, шұжық, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық.

Бүгінгі таңда алдағы үш жылға арналған бағыттардың әрқайсысы бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы айқындалды.

Атап айтқанда, жалпы қуаттылығы 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл ішкі қажеттілікті артығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2020 жылы 94 мың тонна ет өндіре алатын 8 құс фабрикасы іске қосылды. Отандық шұжық және балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету 14 жаңа өндірісті іске қосу  арқылы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ отандық қант пен сүт зауыттары іске қосылып, қуаты артады және кеңейтілетін болады.

2020 жылы 48 тауарлы сүт фермасы, оның ішінде жалпы қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға жететін 17 өнеркәсіптік ферма жұмысын бастады. Алдағы уақытта жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр.

Нарықты отандық алмалармен толықтыру үшін Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында 6,6 мың га алаңда жаңадан қарқынды бақтар салынады.

«Коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлем елдерінде ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің артқанын байқап отырмыз. Сондықтан, Қазақстан үшін импортты алмастыру басымдыққа ие үлкен мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарлаған жұмыс 2024 жылға қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешуге және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты инфляцияға әсер ететін азық-түлік тауарларына баса назар аударылатын болады», – деді Сапархан Омаров.

Жалпы, алдағы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі 380 инвестициялық жобаны, оның ішінде импортты алмастыру аясында 250-ге жуық (65%) жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бұл тізімге АӨК экспорттық әлеуетін арттыратын жобалар енгізілген: бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар және т.б.

Жыл сайын кем дегенде 75-80 инвестициялық жоба іске қосылады. Яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаларының пулы әлі де кеңейетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және қайта өңдеу 7 ірі экожүйені құру жобасына кіреді.

Ауыл шаруашылығы бизнесін одан әрі дамыту және АӨК-де еңбек өнімділігін арттыру үшін ведомство мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Өткен жылы субсидиялау тетіктері қайта қаралды. Бұрын салалардың ерекшелігі мен басымдығы есепке алынбай бірыңғай тәсіл қолданылған еді. Сондай-ақ шағын және орта фермерлер үшін субсидиялауға қол жеткізу шегі өзгертілді.

Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін биылдан бастап бизнес үшін тиімді міндеттемелер кезең-кезеңімен енгізіледі.

Сонымен қатар, базалық қолдау құралдарын субсидиялау көлемін ұлғайту есебінен 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 6%-ға дейін, ғылыми негізделген норманың 30%-на дейін минералды тыңайтқыштарды қолдану, ал жоғары сапалы тұқымдарды енгізу деңгейін 97%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

АӨК-де қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге, оның ішінде Екінші деңгейлі банктер мен  Қазақстан даму банкі арқылы несие беру мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыру үшін жастарға форвардтық сатып алуды кеңейтуді және гранттар бөлуді де қарастыруда.

Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге ыңғайлы болу үшін АӨК қолдаудың барлық шараларының бірыңғай электрондық ресурсын құрады.

 «Мемлекеттік қолдаудың басты қағидаты оның тұрақтылығы мен сабақтастығы болады. Бұл шаруаларға ұзақ мерзімді перспективада өз қызметін болжауға мүмкіндік береді», – деді С.Омаров.

Министр Мемлекет басшысының АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жобаны құруға қатысты тапсырмасының орындалуына жеке тоқталды.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта құжаттың тұжырымдамасы агробизнеспен және ғылыми қоғамдастық өкілдерімен талқылануды. Аталған АӨК дамыту мен қолдаудың барлық шаралары ұлттық жобаға енгізілетін болады.

 «Жүргізілген шаралардың нәтижесінде 5 жылда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, өнім экспортын және ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің табысын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ салаға 4,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді», – деп қорытындылады министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button