Social

2,5 млрд теңге СҚО зейнетақы қоры салымшыларының арнайы шоттарына түсті

Солтүстік Қазақстан облысында 11 807 адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалана алады.

«БЖЗҚ» АҚ СҚОФ директоры Рамазан Мұқановтың айтуынша, 2021 жылғы 1 қаңтардағы деректерге сай СҚО бойынша 11 807 адам зейнетақы жинақтарының шекті деңгейден асқан бір бөлігін мақсатты түрде пайдалана алады. Оларға 21 млрд-қа жуық теңге қолжетімді.

«2021 жылдың 22 ақпанындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға ел бойынша уәкілетті операторлардан: «Отбасы Банкі» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ, «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға 158 276 өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 543,6 млрд теңге болатын 102 650 өтініш орындалды. Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,3 млн теңгеден асады.

СҚО бойынша 15 ақпанда 1 634 өтініш қабылданып, оның 1 045 орындалды, арнайы шоттарға шамамен 2,5 млрд теңге түсті», – дейді Рамазан Мұқанов.

Орындалған өтініштердің басым бөлігі – 38 %-ы ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара немесе толық жабу мақсатында берілген. Салымшылардың 26 %-дан астамы зейнетақы ақшасын тұрғын үйді ипотекасыз сатып алуға жіберу туралы шешім қабылдаған. Зейнетақы жинақтарын пайдалануға ең көп өтініш бергендердің үшінші тобы – 19 %-дан астамы қаражатты жақын туыстарына берген.

«Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану талаптарының күшіне енгеніне көп күн өткен жоқ. Сондықтан СҚО бойынша әзірге өтініш жоқ. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану мақсатындағы өтініштер Қорға «Отбасы банкі» ТҚЖБ» АҚ уәкілетті операторы арқылы 25 ақпаннан бастап түсе бастайды деп есептейміз», – дейді филиал директоры.

«БЖЗҚ» АҚ СҚОФ ішкі статистикасына сәйкес, өңірде 134 салымшы 10 миллион теңгеден астам қаражатты мақсатты түрде алу мүмкіндігіне ие.

Басқа жаңалықтар

Back to top button